Ақтауда 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай теңіз жағасындағы Амфитеатр алаңында керемет кеш өтті. «Жастармен бірге» атты Open Air кешінде жастардың сүйікті әншілері өнер көрсетті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мерекелік концертте елімізге белгілі Arshat, Yenlik, Taspay сынды әншілер келіп, көпшілік көрерменнің ықыласына бөленді.
Көрермендердің қарасы қалың болған концертке 10 мыңға жуық халық жиналды. Кеш соңында қала тұрғындарына ерекше көңіл-күймен тарқасты.
Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Жастармен бірге» тақырыбындағы ұлттық онкүндік 3 тамызда басталып, 12 тамыз күні концертпен аяқталған.
Бұған дейін облысымыздың 5 ауданында осындай концерттер ұйымдастырылған.
Мәселен, 10 тамыз күні Мұнайлы ауданында ұйымдастырылған мерекелік жиынға Бауыржан Ретбаев, Дидар Мұңалбаев сынды әншілер қатысып, ән шарқаған. Бұл концертке 5000-ға жуық халық келген.
Айта кетелік, 11 тамыз күні Жаңаөзен қаласында өткен «Zhastar Fest» кешінде Мәлік Жамбылұлы, Жақау, «Gassyr&Qanat», «Qarakesek» ән шырқап, алаңға 15 мыңға жуық халық жиналған.
12 тамыз күні Бейнеу ауданы Бейнеу ауылы Әли Балта палуан атындағы орталық стадионында 10 мыңға жуық халықтың қатысуымен жастар кеші өтті.
Маңғыстау ауданынының орталық алаңында өңірлік әншілер өнер көрсетіп, 400-ге жуық халық жиналған.
Ал Қарақия ауданында 1000-ға жуық адам жиналған. Концертте Дегдар Жолдасбай, Алхам, Мира Нұрлыбек есімді әншілер ән шырқады.
Түпқараған ауданында Меломен тобы ән айтып, 3000-нан астам халық жастар күнін атап өткен.